Кәмелетке толған қазақстандықтардың жартысына жуығы еш уақытта ұшақпен ұшып көрмеген: Qalaisyn зерттеуі
28 сәуір 2021
Aitu-Dala компаниясы Qalaisyn жобасының «Авиаұшулар» тақырыбындағы онлайн-зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Нәтиже бойынша, сауалнама алынғандардың 45.3%-і ешқашан ұшақпен ұшып көрмеген. Әуе тасымалдаушыларының қызметіне жүгінбеген ел тұрғындары мұны көбінесе билеттің қымбаттығымен түсіндіреді. Әуемен қатынаудан бас тарту себептерінің қатарында ондай жолмен саяхаттау қажеттілігінің жоқтығы, сонымен қатар аэрофобия және коронавирус жұқтыру қорқынышы бар. Бір қызығы, ер адамдардың ұшуды қажетсінбеуі (37.1%) әйелдердікіне қарағанда (27.2%) жиірек кездесетін боп шықты.
Сауалнама қатысушылары арасындағы ең танымал әуе компаниясы Air Astana болып табылады, екінші орында – Scat компаниясы. Бұл ретте респонденттер Qazaq Air, Scat және FlyArystan әуе компанияларының қызметтерін жиірек пайдаланған. Шетел компанияларының арасында пайдалану жиілігі жағынан алдыңғы орындағылары «Аэрофлот» және Turkish Airlines. Зерттеу нәтижелері жайында Qalaisyn әлеуметтік зерттеулер жобасының жетекшісі Малика Атамбаева әңгімелейді:
«Біз 14 облысты және республикалық маңызы бар 3 қаланы қоса алғанда 1188 адамнан сауалнама алдық. Олар қала және ауыл тұрғындары. Сауалнама шеңберінде қазақстандықтардың әуе көлігін пайдалану тәжірибесі зерделенді. Жекелей алғанда, зерттеу амалдары ұшақты пайдалану жиілігі, әуе тасымалдаушыларын таңдау және билет сатып алу тәсілдері жөніндегі сұрақтарды қамтыды».
Сауалнама көрсеткендей, саяхаттаушылардың 96.5% үшін ұшу кезіндегі ең маңызды фактор қауіпсіздік болып табылады. Екінші көңіл аударарлық жайт – қызметкерлердің жылы жүзділігі, 86.9%-і осыған мән береді. Сондай-ақ, ұшатын азаматтар үшін әуе билеттерінің құны да айтарлықтай маңызға ие – мұны тасымалдаушылар қызметін пайдаланғандардың 86.4%-і атап көрсетті. Ал билет алу кезінде көбінесе назардан тыс қалатыны, жолаушылардың пікірінше, әуе компаниясының бренді.
Сұралғандар билет аларда көбіне-көп онлайн-сервистер көмегін таңдайды. Олардың ішінде мейлінше кең тарағаны - Aviata, екінші орында – Aviasales. Үздік үштіктің соңғысы - Chocotravel. Сатып алу әдістерінің ең аз қолданылатыны – әуе компанияларының сату кеңселері арқылы билет алу, оларға жауап бергендердің 10%-і жүгінетін болып шықты.
Qalaisyn.kz – түрлі өнімдер мен тіршілік әрекеті салаларының дамуына ықпал ете алатын, Қазақстанның белсенді тұрғындары арасында әлеуметтік және маркетингтік онлайн-сауалнамалар жүргізуге арналған панель. Qalaisyn қоғамдастық мүшелерінің пікірін бағалайды. Qalaisyn алаңында кез келген адам өзекті сұрақтарға жауап бере отырып, өз пікірін, азаматтық көзқарасын таныта алады. Бұл компаниялар мен жеке тұлғаларға арналған социологиялық, брендтік, маркетингтік, brand lift және өзге де зерттеу түрлерінің онлайн-платформасы. Жоба қазақстандық Aitu-Dala компаниясы өнімдерінің бірі болып табылады.
Aitu-Dala - 2019 жылы құрылған IT-компания. Қызметіміз Қазақстан мен күллі орталық Азия нарығындағы Интернет-медиа саласына бағдарланған. Біз заманауи цифрлық өнімдер жасаймыз, жасанды интеллектті тәжіибеден өткіземіз әрі Big Data-мен жұмысты жетілдіруге баса көңіл бөлеміз. Біздің миссиямыз – халықтың цифрлық ортада тұрақты дамуы үшін медиа-сервистер құру. Компанияның басты өнімдері: Aitube видеохостингі, Ainews жаңалықтар агрегаторы (оның ішінде - Ainews.B2B жаңалықтар ресурстарын ілгерілетуге арналған ұсынымдар виджеті), сонымен қатар сауалнамалар мен бренд-зерттеулерге арналған Qalaysin сервисі.